Мәтіннің баяндау желісін сақтап, әр бөлігінен алынған ақпараттардан жинақы мәтін (аннотация, тезис) жазыңыз. Жазба жмысыңызда жай сөйлемдердің түрлерін қолданыңыз Қазақ сахна өнерінің қара шаңырағы М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театры – ұлттық өнеріміздің «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» дүлділдерінің құт мекені. Мұнда шашасына шаң жұқтырмаған сахна өнерінің небір дүлділдері өз шығармашылығымен ұлт театрының тарихына есімдерін алтын әріптермен жазып кетті. «Алыптар тобы» атанған театр үйінің іргетасын қалаушы Ж.Шанин, С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Ш.Жиенқұлова, т.б. тобы құрамынан басталатын сахна шеберлерінің көші келесі кезеңдерде де суалған емес. «Ел іші өнер кеніші» деген қанатты сөздің растығын келесі кезеңдердегі театр сахнасына шығып артына түйдек-түйдек шаң, ұмытылмастай образдар галереясын тастаған тұлпарлар шабысынан байқауға болады. Олар бірінен-екіншісі озған К.Қармысов, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, Ф.Шәріпова, А.Әшімов, С.Оразбаев, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, С.Телғараев, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов, Ж.Медетбаев, Қ.Тастанбеков, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ахметова, У.Сұлтанғазин, Г.Әспетова, Т.Мейрамов, тағы да басқа өнер иелері сан қырынан жарқырай көрінген кездер болатын. Сол таланттар шоғырының ішінде өзіндік жолымен, сахналық кейіпкер сомдау шеберлігімен, алуан тағдырлы образдар галереясымен, артындағы халқы айта жүрерліктей із тастап жарқырай көрінген талантты актерлер есімі мәңгі есте қалары сөзсіз. Сүбелі рольдерде сахнаға алып шығу актер үшін тынымсыз ізденіс, күндіз-түні өз кейіпкерінің сан алуан тағдырымен астасып жатқан өмір мен өнердің бедерлі іздері сайрап жатыр. Олай болса ол өнер келер ұрпақ есінде жатталынып мәңгіге қалуы, ол сомдаған ұмытылмас бейнелер тізбегі жас өнерпаздарымыз үшін тәлім-тәрбие мектебіне айналуы да бұлжымастай заңдылық деп білеміз. Өнер өлкесінде өрісін тапқан театр өнерінің майталмандарының өшпес бейнесі «Өнер саңлақтары» жинағы арқылы мәңгілікке халық жадында қалмақ.