Мәтіндегі сөйлемдерге синтаксистік талдау жаса. Шайнап берген ас болмас
Қазіргі таңда жасалып жатқан қателердің бірі жеткіншек балаларымызға жасалып жатқан мәміле. Бәрінен бұрын балаларға өз аяғына тұруды үйретуде осалдық танытудамыз. Көп отбасылар біз көп қиыншылық көрдік, баламыз таршылық көрмесін, осылар үшін тауып жатыр емеспіз бе деген сияқты желеулермен баласы не қаласа алып беруде, айтқанының бәрін орындауда, шамадан тыс қорғаштауда және еңбекке баулуда осалдық танытуда.
Саналық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да балаға әр қалағанын алып беру, еңбексіз, машақатсыз өмірге дағдыландыру оған жақсылық емес жамандық ету болып табылады. Бүгіннің ертеңі де барын ұмытпауымыз керек. Ертеңгі әл-ауқат басқа болуы мүмкін. Әл-ауқат азаймағанымен де «шайнап берген ас болмас» деген даналық сөз бар. Дүниенің мың сан-түрлі қыры бар. Мәселен жегені алдында жемегені артында, люкс көлік, қымбат киім, яғни молшылыққа, дайынға дағдыланған бала, жоқтыққа тап болғанда, өз басынша өмір сүру қажет кезде не істейді. Жұмыс таба ала ма? Тапса да бұрынғы өмір салтын жалғастыратындай табысы бола ма?.. Осы секілді себептерге байланысты баланың әр қалаған нәрсесін алып беру және тек қана сәнді, салтанатты өмір сүруін қамтамасыз ету, еңбексіздікке әдеттендіру дұрыс емес. Өйткені бала өскенде де әр қалағанына қол жеткізе алатынын ойлап, оған ұмтыла беретін болады, ал бұл жүзеге аспай қалған кезде, қиянатқа мойын бұруы, өмірге ренжіп, қиялдары қирап ешкімді тыңдамайтын құлақсыз қырсыққа, бұзақыға айналуы мүмкін.