Мәтінді оқыңыз. Берілген мәтінді абзацтарға бөліңіз, әр абзацтың бірінші сөйлемін нөмірлеп жазып, әр бөлікке тақырып ойластырыңыз. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанда өтетіндігі жөнінде шешім 2012 жылдың 22 қарашасы қабылданған болатын. Шешім ЭКСПО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-сессиясында осы ұйымға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде қабылданды. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның жаһан жұрты алдындағы беделінің тағы бір биіктегені, мемлекеттің мерейі. Жалпы, ЭКСПО дегеніміз индустрияланудың символы. Техникалық жетістіктер мен техниканың өзін назарға салатын көрме. ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді.Елімізде өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы "Болашақтың энергиясы" деп аталады. Бұл тақырыпты ұсынудың себебі, ол ең алдымен баламалы энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғандығы болып табылады. Орнықты энергиямен жабдықтау осы күнде жаһандық көлемдегі негізгі мәселе болып саналады және оны шешу экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қоршаған ортаға келер зиянды төмендетуге септігін тигізеді. Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Әлем елдері энергияны үнемдеу, күн, желден баламалы энергия көздерін алуға көше бастады. Сондықтан жаһандық энергетикалық проблемалардың түйінін шешуге бағытталған халықаралық көрме баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістіктерін айшықтайтын алаңға айналарына сенім зор.