Өзінің туған жері туралы өлең жазбаған ақын кемде-кем. Қай ақынның да өзі туып-өскен жері - Жер-Ананың жерұйығындай қасиетті. "Дала, сенің ұлыңмын!" атты шығармасында да Жарасқан ақынның атамекенге, елге деген "махаббаты, сүйіспеншілігі көркем айшықталаған. Туындыда "Туған дала" сөзі жиі қайталана отырып, айтылар ойдың темірқазығына айналған. Поэма "Туған дала... Сенсің биік тұғырым!... Сенсің менің абыройым, мақтаным!..." деген асқақ пафоспен басталып, қазақ даласының поэтикалық портретін жасайды. Шығармадағы лирикалық қаһарман - автордың өзі. Тебіріне жырлаған ақынның шығармасында дала ұғымы тек бір аймақтың аумағын білдіретін географиялық мекен емес, ол - Отан, атамекен, ұлт, дәстүр секілді ұлы ұғымдарды айқындаушы образ. Ақын туған өлкесінің тарихын зерделеп, оның алдындағы перзенттік парызын, жауапкершілігін терең сезінеді.