Бір топ жолаушы Сырымды іздеп келе жатса, алдарынан әйел шығады. Олар жөн сұрасады. Әйел жолаушылардың Сырымға бара жатқанын біледі. Әйел жолаушыларға беріп жіберетін аманаты бар екенін айтып, соны Сырымға жеткізуді өтінеді де, шағын ғана зат береді.Заттың ішінде басының шекесінен, төбесінен, шелкесінен алған үш тал шаш, бір жапырақ шүберек және тезек қаптың бір ұшы болады. Жолаушылар Сырым аулына келіп, болған мән-жайды айтып, аманатын тапсырады. - Бұл әйел Байбақты баласы көрінеді, елден ерте кеткен екен. Желкеден шаш алғаны - туған жерім, туысқан елім артымда қалды дегені. Төбеден шаш алғаны - содан бері мына бастан бірталай уақыт өтті дегені. Маңдайынан шаш алғаны - әлі жаспын, өмірден үмітім бар дегені. Көйлектің оң жақ қолтығынан шүберек жыртып бергені - қолтықта бауыр бар. Мен сенің бауырыңмын дегені. Байбақтының баласы екенін осыдан білдім. Қаптың бұрышын бергені - үйге тезекпен кіріп, күлмен шығып, күң болып жүрмін дегені, - дейді Сырым.
Біраз күн өткен соң, Сырым әйелдің аулына келеді. Мұндағылар қонақты жақсы қарсы алады , сосын Сырым осы ауылда қарындасының күң болып жүргені туралы айтып, оны босатуын өтінеді.
- Бұрын сен ол қарындасыңды көріп пе едің? - дейді ақсақал.
- Жоқ, көргенім жоқ,- дейді Сырым.
Сонда ақсақал:
- Бір түсті киінген қырық әйел, қырық еркек қарама-қарсы жүреді. Сол уақытта бір-біріңді танысаңдар, ауылдарыңа қайтыңдар. Танымасаңдар, ол осында қалады, - дейді.
Сөйтіп, қырық еркек пен қырық әйел қарама-қарсы жүргенде, көп әйелдің ортасында келе жатқан Байбақтының қызы қасындағы әйелдің құлағына:
- Анау қырық адамды бастап, қырық бірінші болып келе жатқан менің ағам Сырым, - деп сыбырлайды. Сырым да Байбақты қызын тани кетеді. Сонда ақсақал:
- Бір-біріңді қалай таныдыңдар? - деп сұрағанда Сырым:
- Қырық әйелдің отыз тоғызы өтіп бара жатқан еркектің бәрінің бетіне қарап, санап шықты. Ал мына әйел қатарынан асып кеткенше, менен көзін аудармады. Содан таптым, - дейді.
Ақсақал әйелден:
- Сырымды қалай таныдың? - деп сұрағанда ол:
- Сырымда ерекше үш қасиет бар: біріншісі - батырға біткен тұлғасы, екіншісі - өжет мінезі, үшіншісі - асқан даналығы бар деп еститін едім.. Ағамды осыдан таныдым, - деген екен.
1. Мәтінде қарастырылған негізгі мәселені табыңыз.
А) Байбақты қызының жолаушылардан аманат жіберуі
В) Әйелдің басынан үш тал шашын жіберуі
С) Әйелдің Сырым ағасына сәлем жолдауы
D) Күңдікке кеткен әйелдің елін, бауырларын сағыну
2. Мәселеге қатысты көзқарасыңыз? Себебі?
3. Кестені толтырыңыз
Үзіндінің қай бөлігі әсер етті
Неге?
4. Үзінді оқығаннан кейін қандай қорытынды жасар едіңіз?
2) «Егеменді елдің Елбасы» атты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мектепте өткен іс-шараға шолу жасаңыз.Шолуыңызда мекен, мезгіл үстеулерді қолданыңыз.