Қазақ тілі мен әдебиеті Т2» пәнінен 2-тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары Оқылым
Мәтіндерді оқыңыздар. Композициялық құрылымына назар аударыңыздар.
Мейірімді үш дос
Баяғы өткен бір заманда, аты-түсі белгісіз бір орман болыпты. Ол орманды аң патшасы арыстан басқарады екен. Бір күні арыстан түлкіге барлық аңдарды жинауға әмір етеді және «егер де кімде-кім бұл шақыртуға келмей қойса, сол аңды жазалауға бұйрық етемін» деп жар салады. Түлкі қырдан қырға, ордан орға секіріп жүріп барлығына ақпаратты жеткізеді. Тек өзінің есесі кетіп жүрген қасқырға ашуланып, әдейі айтпай кетеді. Сонымен патша тапсырған сәтте келіп жетіп, бүкіл орман аңдары арыстанның апанына қарай жинала бастайды. Барлығы келді-ау деген кезде, түлкі санақ жасап аңдардың түгел екеніне көз жеткізгісі келеді, алайда қоян , аю және қасқыр бұл шақыртуға келмеген екен. Қаһарлы арыстан, қатты ашуланып:
– Ертеңнен қалмай ол үшеуін менің алдыма әкел, жазасын өзім беремін, – деп, түлкіге тапсырма береді. Арыстанның бұлай ашуланғанына қорыққан аңдар ертеңгі жиналысқа да толық жиналады. Бұл жолы кеше келмеген үш аң да келеді. Ең бірінші қасқырдан сұрайды.
– Аң патшасы шақыртып жатыр дегенді естіп тұрып неге келмедің? Менен қорықпайсың ба? – деп қатты ашуланады арыстан.
– О, тақсыр, бұл не дегеніңіз, әрине, сізге бағынамын. Тіпті, осы амалым үшін өлтірсеңіз де разымын, – деді ол.
Аң патшасы айтқанынан қайтпай жазалауға бұйрық береді. Алайда араға келмеген қоян түседі:
– Патшам, қасқырды мен үшін кешіре гөріңіз. Кеше мен осы жаққа қарай келе жатып, бір орға байқамай түсіп кеткен едім. Маған қасқыр көмектесті. Сөйтіп жүріп кешігіппіз. «Кеш болса да барайық» деп жолда келе жатқанымызда байғұс аюды көрдік.
Сол кезде әңгімеге аю кіріседі:
– Арыстан патша, бұл екеуін мен үшін кешіріңіз. Менің аяғым тасқа кептетіліп қалды, олай отыра берсем аштан өліп қалам ба, кім білсін? Бірақ, бағыма орай, мейірімді қоян мен қасқыр жолықты. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт жоғалтып алдық, бәрі менің кінәм – дейді.
Бәріне көзі жеткен арыстан ашуынан қайтып, мейірімділіктеріне тәнті болып, былай деп бұйрық шығарады:
«Кімде-кім мейірімділік жасайтын болса, оның барлық қателіктері кешірілсін және барлық аңдар бір-біріне мейірімді болсын».
Осылайша үш дос мейірім көрсеткені үшін өлімнен аман қалады. Жиын соңында түлкінің қасқырға әдейі айтпай қастандық жасағысы келген арам ниеті әшкере болып, жазаланады. Мұны көрген аңдар:
«Е, мейірімділік бар жерде жақсылық қоса жүреді, алдаудың арты – өкіну» деп көпке дейін айтып жүрген екен.