Қазақ салты Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын.
Наурыздан кейінгі 2-ші күні жұрт жаппай көктемгі егіске кірісетін. Малшы қауым да төл алуға қатысты іс-қарекетімен айналысатын. Наурызды кейінге қалдыра тұратын ауылдардың өзінде де мейрамнан кейінгі 2-ші күні жаппай егіске кірісетін.
Наурыздың 22 күні Наурыз мейрамы (жаңа жыл) екенін қазақ баласының көбі біледі. Наурыз туралы көптен бері, жыл сайын газеттерде жазылып келеді. Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ. Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандағының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. ˝Қыс бойы өлімнің есігін күзетіп, үңгірде жатқан кәрі құйрық, мертік-шортықтар да қыбырлап дүниеде бар екендіктерін білгізе бастайтын, аурулар сауығамын деп, аттар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көремін˝ дегендей жұрттың бәріне үміт, әркім де жылы шырай сезіне бастап, ˝бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз˝ дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын. ˝Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті˝, - десіп Наурыз күні пейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп, аңыз қылысатын.[3]
2-мәтін Наурыз
Ақпан кетті араз боп наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып.
Тозған тонын бойына кие алмай бір,
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.
Асқар таулар атасын шақырады,
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.
Қарар емес наурыз атағына,
Алар емес ақпанды қатарына.