10-нұсқа 1-тапсырма. Төменде берілген мәтінді оқыңыз. Балалық шағы 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында ер бала өмірге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды. Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала Мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын». Әлемдегі барлық әжелер сияқты Мырзабала да немересінің азамат болып өсуіне ерекше еңбек сіңірді. Нұрсұлтанның анасы Әлжан Мырзабаланың балалары мен келіндеріне ақыл-кеңес беретін. Халықтың ежелгі дәстүрлері туралы әңгімелейтін. Немересі Нұрсұлтанның тәрбиесіне аса белсеніп кіріскенін еске алатын. Мырзабаланың ұлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың баурайында, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келді. Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Әкесі Әбіш тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Сонымен қатар қазақ және орыс әндерін сүйіп орындайтын. Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болды. Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді. Үшқоңырға жер аударылған әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Ауыл арасында ән салу мен суырыпсалмалық өнерден оның алдына түсетін ешкім жоқ еді. Анасы Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, ұлттық дәстүрлерді, салт-ғұрыптарды білуге тәрбиеледі. Әлжан Назарбаева 1977 Жылы қайтыс болды. Отбасында Сұлтан деп аталған ұланның балалық шағы соғыс Жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Нұрсұлтан өз әкесінің ешқашан қол қусырып қарап отырмағанын көріп, оған үнемі көмектесуге ұмтылды. Ол үйде де, бақшада да, алма бағында да әкесінің жанында болып, картоп пен алма өсіруге жәрдемдесті. Нұрсұлтан мал бағумен айналысты, әкесімен бірге тауға барып, шөп шапты. Нұрсұлтан ерте есейіп, өз жағдайын жақсартып, ата-анасына, туған-туыстарына материалдық тұрғыдан көмектескісі келді. Өйткені, ол отбасындағы үлкен ұл еді. Нұрсұлтан өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды. Сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Сұлтан ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасында ұйымдастырушысы болды. Сұлтан бала кезінен әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын өнерлі болып өсті. (324 сөз)