№1-тапсырма: Мәтін ішінен құрмалас сөйлемдерді теріп жазып, түрін анықтаңыздар. Тәрбие құралы – тіл

Қазақ тілі – небір күрделі ойды, аса нәзік мағыналық реңктерді дәлме-дәл бере алатындай құрылымы мен жүйесі дамыған, стильдік тармақтары сараланған, сөз байлығы аса мол, ұлттық тіл деңгейіне көтерілген қазақ халқының ұлттық тілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі – Әлемдік тіл кеңістігінде қайталамасы жоқ, ғасырлар бойы гуманизм мен прогреске, қазақтардың ұлттық тұтастығы мен бірлігін нығайтуға қызмет етіп келе жатқан тіл. Қазақ тілінде адамгершілік пен бауырмалдықты, өнеге мен ізгілікті уағыздайтын небір көркем сөз үлгілері жасалған.
Абайдың ойшылдыққа толы ұлы мұрасы, Әуезов сомдаған көркем дүниелер ұлттық шеңберден шығып, әлемдік деңгейдегі өркениетке үлес болып қосылуы қазақ тілінің эстетикалық, дүниетанымдық қуатының, басқа да әлеуметтік мүмкіндігінің аса зор екенін танытады. Жалпыхалықтық қазақ тілінің әдеби тіл, қарапайым сөйлеу тілі, жергілікті сөйлеу тілі (диалект) тәрізді түрлері бар. Жалпыхалықтық тілдің жергілікті сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі тәрізді түрлеріне қарағанда, әдеби тіл өзінің қырланып, екшеліп, сымбатталғанымен, тіл тұтынушылардың бәріне ортақ нормаларының қалыптасқанымен, функционалдық стильдік тармақтарының саралана түскенімен ерекшеленеді. Жалпыхалықтық тілдің ең жоғары формасы болып табылатын қазақ әдеби тілі қазақ халқының қоғамдық өмірінің барлық саласында дерлік қызмет етеді. Оның қоғамдық өмірдің бұқаралық ақпарат, көркем әдебиет, ғылым-білім, ресми, құқық, саясат салаларында және тұрмыста қолданылатын стильдік тармақтары бар. Өзінің әлеуметтік мүмкіндігін аша түсу үшін әдеби тілдің нәр алып отыратын қайнар көзі болуға тиіс. Қарапайым сөйлеу тілі, жергілікті сөйлеу тілі қазақ әдеби тілін байытудың бұлақ көзі болып табылады. Сондай-ақ байырғы кездегі ауызша әдеби тілдің үлгілері 6 (жыраулар әдебиеті, эпикалық, тарихи жырлар, т.б.) және бастауын шағатай, орта азиялық түркі тілінен алатын қазақ топырағында жасалған қазақ ескі кітаби тіл үлгілері де қазіргі қазақ әдеби тілін байытудың көзіне жатады.
Қазақ тілі «өз буына өзі семіріп, өз қазанында ғана қайнаған тіл емес». Оның өзге де ұлт тілдерімен алысберісі бар. Сөз қатарын ауыс-түйіс жолымен молықтыру әсіресе лексика-терминология жүйесінен айқын байқалады. Әсіресе ауызша дәстүрде дамыған эпос, тарихи жырлар, ақынжыраулар поэзиясы тәрізді көркем эпикалық шығармалар мен ұлы Абай бастаған алыптар шоғырының жазба дүниелері стандартты тілдік нормаларды қалыптастыруда рөлі айрықша болды. Сондықтан да байырғы эпикалық шығармалар мен ХҮ-ХІХ ғғ. ақын-жыраулар поэзиясындағы ауызша тіл мен жазба тіл дәстүрлеріндегі сөз үлгілері бүгінгі әдеби тілдің нәр алатын ең басты бұлақтары болып отыр. Өйткені әдеби тілдің ең жақсы үлгілері жазбаша, ауызша тараған тарихи-мәдени мұраларда ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастығы үзілмей үздіксіз жетіп отырған. Қазақ әдеби тілін жасаушы – халықтың өзі. Әдеби тілдің қалыптасуы мен дамуына аса көрнекті сөз зергерлері, мәдениет, ағарту, білім мен ғылым, қоғам қайраткерлері ерекше еңбек сіңіріп, үлес қосты. Әдеби тілдегі көркем сөз, даналық сөз, танымдық, тәрбиелік сөз үлгілерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды. Тілдік құралдарды саралап, талғап қолданудың үлгісін көрсете отырып, тілдің ішкі мүмкіндіктеріне сүйене келіп, өзінің тыңнан жасаған бедерлі сөз өрнектерімен әрдайым әдеби тілдің сапалық дамуына әсер етті. Сөйтіп, әдеби тілдің дәлдік, өткірлік, байлық, икемділік, серпінділік тәрізді ішкі қуатын шыңдай түсті. Тілдік ұжымның дүниетанымының кеңеюі, ақыл-ойының кемелденуі тілдің құрылым жүйесінің дамуына әсер етеді. Ал тілдің лексика-грамматикалық құрылым-құрылысындағы сапалық даму қоғамдық ой-сананың түрлерін қалыптастыру мен дамытудағы, қоғам мәдениетін жетілдірудегі, объективті ақиқат туралы әлеуметтік танымбілімді жинақтаудағы, оны шашаусыз ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі, тәрбие берудегі, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеудегі тілдің қызметін күшейте түседі. Сөйтіп, қоғам тілді дамытса, өз кезегінде тіл қоғамдық сананың дамуына да ықпалын тигізеді.
(Уәли Н., Қыдырбаев Ө. Қазақ тілі (Сөз мәдениеті). – Алматы: Мектеп, 2006)

mondraj mondraj    1   29.11.2020 16:06    3

Другие вопросы по теме Қазақ тiлi