Жоқтау жырлары туралы не білесің? «Алып-Ер Тұңға — өте көне замандарда өмір сүрген түркілердің көсемі. Иранның ұлы ақыны Фирдоусидың «Шаһнама» кітабының кейіпкері. Бұл кітапта Алып-Ер Тұңға — Афрасияп, Тұранның (Түр елі — түріктердің) патшасы болып суреттеледі. Алып-Ер Тұңғаның Барысхан атты ұлы, Қаз есімді қызы болған. Қаздың екі шаһары Іленің маңайында. Ал Барысхан қаласының орны Ыстықкөлдің жанында. Алып-Ер Тұңға қайтыс болғанда артында қалған елі жоқтау шығарған. Бұл жоқтау XI ғасырда Махмұт Қашқари жазған «Түркі сөздерінің жинағы» деп аталатын кітабында бар. Бұл жырдан қазақтың жоқтау айту салтының өте көне заманнан келе жатқанын байқаймыз. Жырдың мазмұнында опасыз дүниенің Алып-Ер Тұңғаны аямағаны, түркілердің оның қазасына қатты қайғырып, бөрідей ұлып, жағасын жыртып жылағаны айтылады.
Жоқтау немесе элегия (гр. ἐλεγεία – жоқтау) — дауыс қылу деп те аталады, қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға “ой,бауырым" деп ат қойып шауа келіп, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі.