Құндылықтар туралы алғашқы түсінік ежелге грек ғалымы Сократтан бастау алады. Сократ үшін құндылық «адамның өмірді бағалауы» екен. Ал Аристотель «жақсылық», «игілік»
ұғымдарын жағымды мінез-құлықты, рухани құндылықты бейнелеуде қолданды. Құбылысты,
затты жағымды бағалау адам үшін құнды игілікті түсінуге негізделген. «Ізгілік» сөзі
салыстырмалы мағынада белгілі бір жағдайдағы адам үшін жақсылық, пайдалы нәрсе деп
түсіндіріледі. Аристотельдің пайымдауында «Этиканың мақсаты – таным емес, ізгілікке үйрету.
Этикалық зерттеулер рухани-адамгершілік дегеннің не екендігін білу үшін емес, осы рухани-
адамгершілікке жетудің жолдарын үйрету үшін қажет, олай болмағанда бұл ғылымның пайдасы
болмас еді», – дейді.
Философ Т.Қ.Ғабитов «құндылықтар – қасиеттер» дей отырып, бұл қасиеттердің бала
кезден, ана сүтімен бірге өзінің ана тілі арқылы мораль негіздері ретінде, өз тарихын, мәдениетін,
әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін игеру нәтижесінде орнығатындығын ерекше бағалайды.
Яғни құндылықтар
адам үшін пайдалы мәнге ие болатындар, адамзат қоғамының іргелі дамуы
мен адамның жеке тұлғасын жетілдіруге тиімді ықпал ететіндер құндылық болып табылады.
Қазіргі тәуелсіз елімізде ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық санасынан орын алған адамгершілік
құндылықтарды,
яғни ізгілік, қайырымдылық, адалдық, әділдік, қарым-қатынас сияқты
қасиеттерді, қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланыстырып, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудің
қайнар бастауы деп қарастыруға болады