Бұйрық - 1) Басқару актісі. Мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ коммерциялық, коммерциялық емес құрылымдардың қызметінде қолданылады. Құқықтық болмысына қарай Бұйрық басқарудың нормативтік және индивидуалдық актілері болып бөлінеді. Нормативтік акт ретінде Бұйрық бірнеше мәрте қолдануға арналған әрі белгіленген ахуал шегінде барша адамның орындауы міндетті болып саналатын жалпылама сипаттағы мінез-құлық қағидаларын мазмұндайды. Осы нормативтік акт ретіндегі Бұйрықтың өзі Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органның, идараның (к-ттің), сондай-ақ, Президентке, Бас прокурорға есеп беретін мемл. органның басшылары шығаратын нормативтік-құқықтық актіге (мыс., бұйрықпен бекітілетін Жүктерді тасымалдау ережесі, Паспорт жүйесі туралы ережені қолданудың тәртібі жөніндегі нұсқаухат, т.б.) және мемл. орган басшысы, коммерциялық, коммерциялық емес ұйым жетекшісі, әскери бөлімше командирі шығаратын нормативтік актіге (мыс., Ішкі еңбек тәртібінің қағидалары, Ұйымның құрылымдық бөлімшелері туралы ереже, т.б.) жіктеледі. Ал, индивидуалдық акт ретіндегі Бұйрық құқық жосындарын қолдану әрекеті болып саналады әрі жекеше сипаттағы мәселенің шешімін табу үшін шығарылады (мыс., әлеум. жәрдемақы тағайындау, қызмет орнынан алып тастау, кезекті еңбек демалысын беру, т.б. туралы). Оны атқарушы және билік жүргізуші органдардың, коммерциялық, коммерциялық емес ұйымдардың, т.б. басшылары шығара алады. Азаматтардың құқылары мен бостандықтарына, міндеттеріне қатысы бар Бұйрықтар Әділет министрлікте тіркеліп, ҚР “Нормативтік құқықтық актілер туралы” заңының 6-, 7- тарауларына сәйкес ресми түрде жарияланғаннан кейін ғана күшіне енеді. Шаруашылық істер жөніндегі сот коллегиясының не төреші соттың шешімдерін орындау үшін сот беретін атқарушы құжат.